KM Life

29.10.2026

Неліктен бізге кейде ақша жинау қиынға соғады?

Неліктен бізге кейде ақша жинау қиынға соғады?

Мүмкін, себебі — біздің ақша жұмсау мен үнемдеу әдеттерімізде. Сондықтан, ең бастысы — бұл әдеттерді басқаруды үйрену және оларға бізді басқаруға мүмкіндік бермеу.

Қаржыны бақылауға алудың тиімді әдістерінің бірі — бұл жеке бюджетті құру, ол мыналарды ескереді:

  • сіздің айлық табысыңыз,
  • сіздің жинақ немесе инвестиция үшін бөлгіңіз келетін сома,
  • сондай-ақ шығындарыңыз — қажетті заттарға, сонымен қатар қалаған нәрселеріңізге кететін шығындар.

Бір қарағанда, бюджеттеу қиын болып көрінуі мүмкін, бірақ оның пайдасы орасан зор. Ол ақылға қонымды шығындар жасауға және қаражатты көбірек үнемдеуге көмектеседі. Бюджетті қалай тиімді басқаруға болатынын қарастырайық.

Жеке бюджет дегеніміз не?

Жеке бюджет - бұл белгілі бір кезеңдегі, көбінесе бір ай ішіндегі, сіздің кірістеріңіздің жинақтар мен шығыстар арасында қалай бөлінетінін анықтайтын қаржылық жоспар.

Бюджеттеу процессі мыналардан тұрады:

  • кірістер мен шығыстарды бақылау,
  • талдау,
  • және ұстанып тұруға міндетті жоспар құру.

Бұл күрделі жұмыс болып көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде қаржылық сауаттылықтың маңызды құралдарының бірі болып табылады. Себебі, өлшеуге болатын нәрсені жақсартуға болады.

Бюджетті жүргізу не үшін маңызды?

  1. Сіз ақшаны саналы түрде жұмсай бастайсыз.

Шығындарыңызды бақылаған кезде, сіз мыналарды жақсы түсіне бастайсыз:

  • ақшаны нақты неге жұмсайтыныңызды: қажеттілігіңізге ме әлде қалауыңызға ма,
  • артық шығындар бар ма,
  • шығындардың қай баптарын оңтайландыруға немесе қысқартуға болады.

Бұл шығындарды тиімді бақылауға және жинақтарыңызды арттыруға көмектеседі.

  1. Қаржылық тәртіп қалыптасады.

Біздің көпшілігімізге ешкім ақшаны басқаруды үйретпейді. Біз алдымен көп ақшаны жұмсаймыз да, содан кейін бір бөлігін кейінге қалдырып жинаған жақсы болар еді деп ойлаймыз. Бірақ-та, дұрыс тәсіл - ол керісінше істеу:

  • алдымен белгіленген соманы жинаққа немесе инвестицияға бөліңіз,
  • ал қалған қалдықты содан кейін күнделікті шығындарға пайдалану керек.

Егер сіз бюджетке салынғаннан көп ақша жұмсағыңыз келсе — сіз шектен шыққаныңызды білесіз, сондықтан, өзіңізге "жоқ"деп жиі айтып, ақша жұмсаудан тартынасыз.

  1. Бұл ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуге көмектеседі.

Қаржылық мақсаттар уақыт пен тәртіпті қажет етеді. Мысалы, егер сіз зейнеткерлікке ақша жинасаңыз, оны тұрақты түрде үнемдеу маңызды. Бюджет бұл жинақтарды сіздің өмір салтыңызға енгізуге көмектеседі.

Бюджеттің негізгі элементтері

  • Табыс
  • Жинақтар немесе инвестиция
  • Шығындар
  • Қажеттіліктер
  • Қалайтын нәрселер

Табыстың қанша пайызы қай санатқа кететінін анықтауыңыз керек. Төменде, бөлудің кең тараған модельдері көрсетілген:

  1. 50/30/20 ережесі
  • 50% — қажетті шығындарға (тұрғын үй, тамақтану және т.б.)
  • 30% — қалаған нәрселерге (ойын-сауық, хобби және т.б.)
  • 20% — жинақтарға немесе қарыздарды жабуға
  1. 40/30/20/10 ережесі
  • 40% — жалпы шығындар
  • 30% — міндеттемелер (ипотека, несие)
  • 20% — жинақтар
  • 10% — сақтандыруға

Бұл ереже қарыздарды бақылауға, бюджетке шамадан тыс салмақ түсірмеуге және сақтандыру арқылы негізгі қорғанысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  1. Өзіңіздің жеке жолыңыз

Әркімнің өз қаржылық жағдайы бар. Сіз қажеттіліктеріңіз, қалайтын нәрселеріңіз және жинақтарыңыз арасындағы жеке басымдықтарды анықтап, өзіңіздің жеке жоспарыңызды құра аласыз.

Бюджетті жоспарлаудың құралдары

  1. Мобильді қосымшалар

Шығындарды жұмсау барысында бірден жазып отыруға ыңғайлы және көрнекі талдаманы көруге мүмкіндік береді. Кейбіреулері банк шоттарымен синхрондалады. Деректерді тұрақты енгізуге дайын адамдар үшін жақсы келеді.

  1. Онлайн-калькуляторлар

Негізгі көрсеткіштерді жылдам және оңай жинап, жалпы көріністі алуға болатын жол.

  1. Excel-шаблондар

Неғұрлым икемді құрал. Үлгіні өзіңізге бейімдей, санаттарды қоса немесе өзгерте, деректерді болашаққа сақтай аласыз.

Көбірек үнемдеуді бастау үшін тиімді бюджеттеудің 7 қадамы

Ақшаңызды дұрыс басқару үшін мына жеті қадамды орындаңыз:

  1. Кірісті дұрыс есептегеніңізге көз жеткізіңіз.

Сіздің жинақтау және жұмсау мүмкіндіктеріңіз нақты табысыңызға тікелей байланысты. Салыққа дейінгі жалақыны емес, таза кірісті (барлық ұсталымдар мен салықтарды төлегеннен кейінгі) пайдаланыңыз.

Барлық қосымша табыс көздерін қосуды ұмытпаңыз:

  • Дивидендтер немесе депозит пайыздары
  • Жалға беруден келетін табыс
  • Бизнестен келетін пайда
  • Және басқа да табыстар
  1. Бюджетті бөлудің құрылымын анықтаңыз

Ұстанатын ережені таңдаңыз: 50/30/20, 40/30/20/10 немесе жеке өзіңіздікін құрастырыңыз.

Табысыңызды үш негізгі санатқа бөліңіз:

  • Жинақтарыңыз және инвестицияларыңыз
  • Қажетті шығындарыңыз
  • Қалайтын нәрселеріңіз

Бұл кірісті бөлу кезіндегі сіздің бағдарыңыз болады.

  1. Жеке банктік шоттар жасаңыз

Шатастырмау үшін үш бөлек шот ашыңыз:

  • А – Жалақы шоты: сіздің бар табысыңызды алады
  • B – Жинақ шоты: резервтер, әртүрлі мақсаттар мен инвестициялар үшін
  • C – Шығыс шоты: күнделікті және тұрақты болатын шығындар үшін

Табыс түскеннен кейін қаражатты белгіленген схемаға сәйкес шоттарға бөліңіз. Банкте тұрақты тапсырмаларды орнату арқылы аударымдарды автоматтандырыңыз — бұл басқаруды жеңілдетеді.

  1. Алдыңғы айдағы шығындарды бекітіңіз

Бұл ең көп уақытты қажет ететін қадам, бірақ қажет. Барлық шығындарды мүмкіндігінше дәл көрсетуге тырысыңыз:

  • Барлық сатып алулар үшін бір банк картасын пайдаланыңыз
  • Қолма-қол ақшадан аулақ болуға тырысыңыз
  • Шоттардағы үзінділерді тексеріңіз — бұл бақылауды жеңілдетеді

Барлығын дерлік қолмен жазып жүрмесеңізде, үзінділердегі мәліметтер толық көріністі айқындауға көмектеседі.

  1. Талдау жасаңыз және оңтайландырыңыз

Барлық шығындарды «қажеттілік» және «қалайтын нәрселер» деген санаттарға бөліңіз.

Әр бап үшін әрекет етудің 3 жолын қарастырыңыз:

  • Қалай тұр, солай қалдыру
  • Пайдалырақ басқа жолын табу
  • Толығымен бас тарту

Қалайтын нәрселеріңізге ақшаны неғұрлым аз жұмсасаңыз, соғурлым көбірек жинай аласыз.

  1. Талдауды ай сайын қайталап жасап отырыңыз

Жүйені орнатқаннан кейін бюджеттеу процесі барынша аз уақытты алады. Тек талдау мен түзетулер жасау үшін айына бір рет уақытыңызды бөліп отырыңыз.

  1. Өзіңіздің өсуіңізді бақылаңыз

Бюджеттеудің мақсаты — жинақтардың өсуі және қаржылық мақсаттарға қарай жылжу. Уақытылы бағалап отырыңыз:

  • Активтердің өсуін
  • Қарыздардың азаюын
  • Мақсаттарға жақындаған қадамдарды (мысалы, үй сатып алу немесе зейнетақыға жинаған жинақтар)

Тек қай жерде тұрғаныңызды түсінгенде ғана алға жылжи аласыз.

Есте сақтаңыз: Қаржылық жоспарлау — бұл тек бюджет қана емес

  1. Өзіңізге инвестиция жасаңыз

Білім алу, мансапты дамыту немесе жеке бизнес жасау — бұл табыстың өсуіне және ұзақ мерзімді қайтарымға мүмкіндік беретін ең тиімді инвестиция.

  1. Өз табысыңызды қорғаңыз

Сіздің табысыңыз — негізгі ресурс. Оны аурудың, мүгедектіктің немесе өлімнің кесірінен жоғалтып алу қаржылық жағдайға нұқсан келтіруі мүмкін. Оны өмірді сақтандыру арқылы қорғаңыз.

  1. Инфляциямен күресіңіз

Сізге жұмыс істемейтін шамадан тыс жинақтарыңыз құнсызданады. Резервтік қорды құрып, қысқа мерзімді мақсаттарды орындағаннан кейін, тәуекелге бейімділігіңізді ескере отырып, бос қаражатты инвестициялаңыз. Есіңізде болсын, егер сіз бюджеттеу жолын енді ғана бастасаңыз: үрейленбеңіз — бұл көрінгеннен оңайырақ. Ыңғайлы құралдарды пайдаланыңыз: тегін онлайн бюджет калькуляторы және Excel үлгісі. Аздан бастаңыз — нәтижені тез көресіз!

Басқа мақалалар

Барлығы